Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Air Astana әуекомпаниясына айыппұл салды. Жауапкершілікке тартылуына жолаушы құқығының бұзылуы және азаматтардан көптеген шағымның түсуі себеп болған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталының тілшісі.
Комитеттің мәліметінше, жолаушылар арасында резонанс тудырған рейстердің кешігуіне байланыстыу 18 шілдеде комитет төрағасы Талғат Ластаев Air Astana әуекомпаниясымен шұғыл жиналыс өткізді. Жиын барысында авиакомпанияға әуе кемелерін коммерциялық жоспарлаудағы кемшіліктері көрсетіліп, тұрақты рейстердің орындалмауына жол бермеу туралы айтылды. Сонымен қатар әуе кемелерінің жедел ауыстырылмауы, рейстердің кешігуі кезінде авиакомпания қызметкерлері тарапынан жылдам түсіндірмелік жұмыстардың жүргізілмеуі сынды кемшіліктері көрсетілді. Жиналыс қорытындысы бойынша Air Astana әуекомпаниясы резервті қамтамасыз ету үшін тұрақты рейстер кешіктірілген кезде ғана пайдаланылатын арнайы жеке әуе кемесін бөлді.
Қазақстандық ірі авиакомпаниялардың акционері ретінде “Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ әуе кемелерін алуды жоспарлау жөніндегі жұмысты күшейтуі қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар 21 шілдеде өзара іс-қимылды нығайту мақсатында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Эйр Астана» авиакомпаниясы, Алматы және Орал қалалары әуежайларының қатысуымен кеңестер өткізілді.
16 шілдеге жоспарланған Алматы — Мале рейсінің ұзақ кешігуіне байланысты жедел түрде екі күн ішінде тергеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша осы рейстің жолаушыларының 15 сағаттан артық күткені анықталды. Рейсті күту кезінде жолаушыларға «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақ үйде тұру бойынша қызметтер тиісті түрде ұсынылмаған.
Осыған орай 2022 жылғы 21 шілдеде авиакомпанияға қатысты әкімшілік іс қозғалып, авиакомпанияға 1 000 АЕК (1 АЕК = 3 063 тг) мөлшерінде айыппұл салынды. Осы уақытқа дейін комитетке барлығы 150-ге жуық өтініш келіп түссе, олардың әрқайсысы бойынша анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.