Аида Балаева Дженнифер Лопестің концертіне билет алғанын айтты

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 1 тамыз күні Қазақстанда өтетін әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің концертіне қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпараттық агенттігі.

Министр өз сөзінде атақты әншінің өнерін тамашалауға асығып жүргенін және концертке балаларымен бірге баратынын айтты.

«Мен Дженнифер Лопестің концертіне қуана-қуана барамын. Өйткені оның аудиториясы кең, әлем мойындаған үлкен таланты бар. Оны өз көзімізбен көргіміз келеді. Мен билет алдым, балаларыммен бірге осы концертке барамын», – деді Аида Балаева үкіметте өткен брифингте.

Министр мұндай ауқымды мәдени шаралар еліміздің халықаралық имиджін көтеріп, Қазақстанды жаһанға таныта түсетінін атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Шакира мен Лара Фабиан сияқты әлемдік деңгейдегі әртістерді ел сахнасынан көруге ниетті екенін білдірді.

«Димаш Құдайбергеннің концерті кезінде де шетелден көп қонақ келді. Мұндай жобалар Қазақстанның мәдени келбетін танытып, халықаралық қызығушылықты арттырады», – деді министр.