Ахмедов қазақ халқынан кешірім сұрап, ауыр жарақат алғанын мәлімдеді

АҚШ-та өткен бокс кешінде мексикалық Элиас Эспадаспен тең түскеннен кейін қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (15-0-1, 13 KO) жекпе-жекке қатысты алғашқы пікірін білдірді.

Оның айтуынша, кездесудің бел ортасында ол қолын жарақаттап, қалған раундтарды ауыр жағдайда өткізуге мәжбүр болған.

«Бұл — бокс. Қарсыласым мықты болды. Мен бесінші не алтыншы раундта қолымды сындырып алдым. Соған қарамастан, бұл жақсы жекпе-жек болды. Реванш өткіземіз деп ойлаймын. Барша Қазақстан халқынан кешірім сұраймын. Бұл жай ғана спорт. Біз міндетті түрде қайта оралып, келесі жекпе-жекте жеңіске жетеміз», — деді Ахмедов жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.

Садриддиннің Эспадаспен кездесуі он раундқа созылып, төрешілер бірауыздан тең шешім шығарған еді. Бұл — Ахмедовтың кәсіби мансабындағы алғашқы тең нәтиже.

Айта кетейік, Садриддин Ахмедов бұған дейін өткізген 15 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, 13 қарсыласын нокаутқа жіберген.