Әскери қызметке баруды 20 жасқа дейін ұлғайту керек — сенатор

Сенатор Андрей Лукин міндетті әскер қатарына шақыруды 20 жасқа дейін ұлғайту туралы петицияға қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

«Бұл мәселені, біріншіден, Үкімет пен Қорғаныс министрлігі қарайды. Ақпарат құралдарынан түсінгенім бойынша, петицияның мақсаты – 18 жастағы жас жігіттердің әскери қызмет жағдайындағы өз бетінше өмір сүруге деген дайындығына қатысты сұрақтарды талқылау. Менің ойымша мұны қарастыру керек және әскери қызметке баруды 20 жасқа дейін ұлғайту керек», — деді сенатор.

Сонымен бірге, жастардың әскерге баруға қызығушылығын арттыру үшін бірнеше ұсыныс айтты. Сенатордың сөзінше, Қазақстанның Қарулы күштері, Ұлттық гвардия, Шекара қызметтерінде әскери борышын өтеуге жас азаматтарды тарту үшін оларға қандай да бір әлеуметтік пакеттер, жеңілдіктер берілуі керек.

«Мұндай жүйе бұрын болған. Кейін алып тасталды. Қазір геосаяси жағдайларға байланысты сол жеңілдіктерді қайтадан енгізу керек», — дейді Андрей Лукин.

Еске сала кетейік, таяуда міндетті әскерге шақыру жасын 18-ден 20 жасқа дейін ұлғайту туралы петиция жарияланған болатын.

Фото: Istockphoto

20