Адамзаттың асылы: қазақ ойшылының 179 жылдығы ел көлемінде аталып өтті

Қазақтың кемеңгер ойшылы, ұлы ақыны Абайдың 179 жылдығы еліміздің барлық қалалларында аталып өтті. Жастар ақынның өлеңін оқып, үлкендер ақынның өмірінен естеліктер айтты. Мәселен, Алматыда Республика Сарайы алдында қазақ ойшылы, хакім Абай Құнанбаевтың құрметіне ауқымды мәдени іс-шара өтті. Ақынның  179 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй, жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, студенттер және қала қонақтары қатысты.

«Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туған күні – еліміз үшін ерекше күн, оның шығармашылығымен бірнеше ұрпақ сусындап өсті. Абайдың есімі қазақ халқына ғана емес, бүкіл әлемге мәшһүр. Болашақ ұрпақтың осындай кездесуді жиі өткізіп, Абайды еске алып отыруы өте маңызды. Студенттердің оның өлеңдерін жатқа оқуы, ақынға деген сүйіспеншілігі қуантады», – деді Қасымхан Бегманов.

Бұдан кейін «Адамзаттың Абайы» атты жыр мүшәйрасы өтіп, Абай Құнанбаевтың ең танымал әрі қазақстандықтар сүйіп оқитын шығармаларынан үзінділер оқылды, сондай-ақ кітаптар мен этноөнімдер көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

«Абай Құнанбаев – Қазақстанның көрнекті ақыны, жазушысы, ойшылы және философы. Оның дәл әрі көркем тілі философиялық ойға толы, шығармаларында қазақ халқының рухы мен күшін бейнелейді. Абай қазақ халқының мақтанышы ғана емес, бүкіл әлемде жоғары беделге ие. Бейжіңде де Абайға ескерткіш қойылған. Ақынды осылайша бірге қастерлеу Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара түсіністікті нығайтатын маңызды мәдени көпір қалыптастырады», – деді Цзян Вэй.

Бұған қоса, Абайдың туған күніне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Абай әлемі» атты концерт-спектакль өтті. Режиссер Фархад Молдағалидің басшылығымен Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Нүркен Өтеуіл сынды танымал актерлер ұлы ақынның өмірінен сыр шертіп, Абай шығармашылығындағы жаһандық тақырыптарды қозғады. Сонымен қатар, «Музарт» тобы, Ерден Жақсыбек, IL Canto тобы, Steppe Sons тобы, Ернар Амандық және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының хоры өнер көрсетті.

Қаланың оқу орталықтары мен кітапханаларында Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу байқаулары өтіп жатыр. Жалпы, Алматыда 7-10 тамыз аралығында Абай күніне орай 20-дан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Адамзаттың асылы Абай Құнанбаевтың туғанына келесі жылы 180 жыл толады. Абай  күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылы 4 тамыздағы қаулысына сәйкес мерекелік датаға айналды. Сол күнен бастап жыл сайын елімізідң барлық өңірлерінде ұлы ақынды еске алу, оның шығармаларын насихаттау бойынша ауқымды түрде мәдени шаралар өткізу дәстүрге айналды.

Абай күніне орай кең көлемде мәдени шара ұйымдастыру Түркістан облысында да өтті. Түркі әлемінің рухани орталығы Түркістан қаласында арнайы іс-шараға  зиялы қауым өкілдері мен өңір кітапханашылары, дарынды оқушылар қатысты.
Жиында алғаш болып сөз алған «Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Абай ілімін тарқатып, жастарға өнеге беретін ерекше сөздерін атап өтті. Ертай Кенжебекұлы өз кезегінде бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі шараның қазақ руханияты мен әдебиетінде алар орны айрықша. Ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен еңбектерін дәріптеу – бізге артылған абыройлы міндет. Атаулы күн «Абай оқулары» халықтық акциясы, «Абайдың қара сөздері» әдеби челленджі, ғылыми конференциялар мен абайтанушы ғалымдармен шығармашылық кездесулер арқылы кеңінен насихатталады. Осы орайда, Түркістан тұрғындары мен қонақтарына рухани бағдар болып тұрған Абай ескерткішінің алдына жиылып, ақын рухына тағзым ете келген әрбіріңізге алғыс білдіремін», – деді облыс әкімінің орынбасары.
 Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы оқушыларының көркем сөз оқуларын оқыды. Ал орталық жетекшілері жанды дауыста Абай әндерін шырқап, көптің қошеметіне бөленді. Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі Айдар Сейдәзім бастаған қаламгерлер пікір білдіріп, ұлы ақынның өлеңдерін оқыды.
Атаулы күнге орай облыстық «Фараб» кітапханасы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 179 жылдығы аясында «Абайды оқы, орында» атты әдеби іс-шаралар онкүндігін бастаған болатын. Онкүндік аясында түрлі танымдық, әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар аудан, қаладағы барлық мәдени мекемелерде көрмелер, кездесулер өткізілуде.