“Адай күйін әуежайда орындаймыз: Зайытов домбыраны ұшаққа кіргізбей қойғандарды сынады

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтты, домбыраны ұшаққа кіргізбей қойғандарды сынады. Депутат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне талап қойды,деп хабарлайды Qazaq.today.

“Құрметті Азамат Өмірзақұлы, өзіңіз де әлеуметтік желіден көріп жатқан шығарсыз. Біріншіден, қазір әуе компанияларында қазақтық ұлттық аспаптарына қарсы, әдейі бір жоспар құрып жатқан сияқты. Домбыраның ішінде бір де бір металл жоқ. Оның құрамында қойдың ішегі мен қарағайдың ағашынан басқа ештеңе жоқ. Оның ешқандай зияны жоқ ұлттық аспап. Екіншіден, нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра деп ақын Қадыр мырза Әли айтпақшы, бұл – мемлекетіміздің айнасы.
Әуе компанияларына дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Кімдікі, қалай болса да, мәселені шешіп беріңіздер. Қазақтың ұлттық 4-5 аспабы бар. Оларды ұшаққа кіргізуге рұқсат беріңіздер”,- деді ол.

Депутат рұқсат берілмесе, мың домбырашы Адай күйін ойнайтынын айтты.

“Егер рұқсат берілмесе, онда Астана мен Алматы әуежайына жоқ дегенде мың домбырашыны қойып, қолдарыңыздан келмесе, Адай күйін орындап, жалынып сұрайық”,- деді ол.

Qazaq.today