Астанада екі үшем (6 сәби) дүниеге келді. Қуанышты хабармен қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бөлісті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
№2 қалалық көпбейінді ауруханада бақытты ана Айша Искакова үшемді дүниеге әкелді. Нұрландар әулетінде дүниеге келген нәрестелердің бірі – қыз, екеуі – ұл.
«Жаңа туған балалардың атын Томирис, Ибрахим және Мухаммад деп қойдық. Өзіміз бұған дейін де 2 бала тәрбиелеп отыр едік, енді бірден 5 баланың анасы атандым. Қуанышымызда шек жоқ, дәрігерлерге мың алғыс! Біздің отбасымыздағы қуаныш көпке жұғысты болсын», – деп үшемнің анасы Айша аурухананың акушерлік блок ұжымына алғыс айтты.
Айша Искакова 33-аптада босанды. Салмағы 2135, 1965 және 1580 грамм құраған жаңа туған нәрестелер 21 қазан күні ауруханадан шығарылып, бүгінде өз үйінде отбасымен алғаш мерекелерін қарсы алмақ. Республика күні қарсаңында үшемнің дүниеге келуі жақсылықтың хабаршысы, үлкен қуаныштың басы болса керек», – деді аурухана директорының босандыру жөніндегі орынбасары Дәурен Мусин.
Тағы бір сүйінші жаңалық, елорданың дәл осы ауруханасында (22 қазанда) Сабина Алтынбекқызы үш батырды дүниеге әкелді. Үшемнің есімін атасы Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай деп қойған.
«Немелерімнің есімін батырларымыздың атын жаңғыртайық, сол тұлғалар секілді ел азаматтары болсын деген ниетпен қойдым. Өзім Таразда тұрамын, ұлым мен келінім Астанада тұрады, келінім босанған соң қуанышқа орай арнайы Астанаға келдім. Қазір келінім мен немерелерім ауруханада, дәрігерлердің қарауында, жағдайлары жақсы. Сәбилердің қатайғанын күтіп отырмыз, сосын шығарып аламыз», — дейді үшемнің атасы Жамбыл Иманәлиев.
Фото: densaulyq_basqarmasy