Әлеуметтік желіде діни уағыздар айтатын ұстаз Жарқын Мырзатай тарихты бұрмалаймын деп күлкіге қалды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.
«Семейде ақылдасатын кезде қызылдар әкеліп, түрмеге қамап тастайды. Абай атамыз Мәшһүр Жүсіпке хат жазады. «Ағажан, біздің егеменді ел бола алмайтынымызды білдіңіз бе? Неге келмедіңіз? Білсеңіз, неге ескертпедіңіз?» дейді. Сонда Мәшһүр Жүсіп Көпеев «сездім» деген екен. Біз егеменді ел бола алмаймыз, жау алыстан келмейді деген екен. Біздің аталарымыз жер үшін күреспеді демеу үшін үндемеген екен», — дейді Жарқын Мырзатай.
Ал тарихқа көз жүгіртсек, ақ патша әскерімен соңысқан қызылдар 1917 жылы ғана құрылған. Ал Абай Құнанбаев 1904 жылы өмірден өткен. Демек, уағызшы арадағы 13 жылды кейінге жылжытып, тарихты бұрмалап алған. Абайдың бірде-бір шығармасында егемендік жайлы сөз жоқ. Сондай-ақ Абай Құнанбаев та Мәшһүр Жүсіп Көпеевке «ағажан» деуі де мүмкін емес. Себебі, ақын Машһүрдің өзінен 13 жас үлкен болған.
«Мынау не масқара? «Егеменді ел» деген сөзді Абайдың тілі деп отыр ма? Осындай надан, арсыз болады екен. Мұндайларды жауапқа тарту керек. Бұлар тарихты өздері жаза ма?», — деп сөккен оны желі қолданушылары.