Абай облысында әскери қызметкерді пышақтап өлтірді: тергеуге туыстары наразы

Абай облысы Үржар ауданында 23 жастағы әскери қызметкер Рахат Райбек пышақ жарақатынан қаза тапты. Марқұмның туыстары тергеудің әділ жүргізілмегеніне наразылық білдіріп, күдіктілердің барлығы қамауға алынбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq.today 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Қаңтар айында Рахат Райбек Үржар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жұмысқа орналасқан еді. Жұмысқа кіріскеннен кейін он күн өткен соң, әріптестерімен бірге туған күн тойлауға кеткен. Сол түні оның мәйіті ауылдағы дүкеннің маңынан табылды.

Айыптау актісіне сәйкес, әскери комиссариаттың қызметкері 22 пышақ жарақатынан қаза тапқан. Марқұмның әпкесі Шолпан Мұхамеджанованың айтуынша, оқиға әскери комиссариат ғимаратында басталған.

«Бауырымды сол қызметкерлер туған күнге шақырып алды. Военкомат ғимаратында отырыс болған. Сол отырыстан кейін бауырым қайтқан жоқ, өлігі ғана келді», – дейді Шолпан Мұхамеджанова.

Туыстары тергеудің жан-жақты жүргізілмегенін айтып, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен келіспейді. Олар қылмыстық істің бабын ауыстыруды және күдіктілердің барлығын қамауға алуды талап етеді.

«Еңгезердей жігітке бір адам 22 жерден пышақ салуы мүмкін емес. Осы қылмысты жасырып отырған бірнеше тұлға бар, олар іс бойынша жай куә ретінде жүргізіліп отыр. Оларды күдіктілер қатарына өткізу керек. Іс 99-баптың 1-тармағы бойынша қарастырылып жатыр, оны 2-тармаққа, яғни ‘Аса қатыгездікпен өлтіру’ деп ауыстыруды талап етеміз», – деді марқұмның әпкесі.

Қазіргі таңда қылмыстық істе жалғыз айыпталушы бар – ол әскери комиссариаттың жүргізушісі. Рахат Райбек Алматы аграрлық университетінде білім алған, үйленбеген және отбасының жалғыз баласы болған. Ол қорғаныс саласында қызмет етіп, әскери мансапты армандаған.

82