Өзбекстанда сегіз мемлекет министрлерінің қатысуымен форум өтіп жатыр. Қазақстан делегациясын Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бастап барған. Форумда ШЫҰ мүше мемлекеттердің өкілдері туризм саласын талқыламақ. Халықаралық форумға туристік ұйымдардың жетекшілері де шақырылған. «ШЫҰ мүшелері-мемлекеттер ынтымақтастығының жаңа кезеңі: туризм және мәдени мұра» атты халықаралық форум екі күнге жалғасады.
Туристік индустрияны дамытудың жолын талқылап жатқан форумда еліміздің мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сөз сөйлемек. Қазақстандық делегациялдан бөлек Үндістан, ҚХР, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан елдерінің өкілдері де келген.
«Форумның басты мақсаты ұйымға мүше мемлекеттер арасында туристік іс-әрекетті, сенім мен достықты, тату көршілікті нығайту. Сауда-экономикалық әріптестікті дамыта отырып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту. Тарихи-мәдени нысандарды сақтау және күтіп ұстау, ШЫҰ мүше мемлекеттердің туристік әлеуетін ілгерілету міндеттерін жүзеге асыру болып табылады», — делінген форумды ұйымдастырулар таратқан хабарламада.