Ақтөбеде заңсыз онлайн казино ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды

Ақтөбе облысында заңсыз онлайн казино ашып, қомақты пайда тапқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Ақтөбе облысы бойынша департаменті 2022-2024 жылдар аралығында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер bingo37.pro платформасы арқылы заңсыз ойын бизнесін жүргізген.

Қылмыс қалай жасалған?

Қатысушылардан ақшалай бәсті банк аударымы арқылы қабылдап, оларды платформаға тіркеп, ойынға кіру үшін логин, құпиясөз және сілтеме берген.

Заңсыз табысты жасыру үшін қылмыстық топ мүшелері көлденең адамдарды тартып, олардың атына банк карталарын рәсімдеген. Одан кейін осы карталар арқылы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, ізін жасырған.

306 миллион теңге заңсыз табыс тапқан

Тергеу барысында анықталғандай, заңсыз онлайн казинодан күніне 150 000 – 200 000 теңге аралығында пайда түскен. Жалпы қылмыстық табыс 306 миллион теңгеден асқан.

Бұл қаражатқа күдіктілер жалпы құны 66 миллион теңге болатын Toyota Land Cruiser және Lexus EC 250 маркалы екі қымбат көлік сатып алған. Алайда оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Тергеу барысында соттың санкциясымен бұл көліктерге тыйым салынды.

Қазіргі уақытта қылмыстық топтың ұйымдастырушылары қамауға алынды, соталды тергеу жалғасып жатыр.

Заңсыз байыған қылмыстық топтар көбейіп барады

Айта кетейік, бұған дейін газ ұрлап, вагондап сатқан қылмыстық топ ұсталған болатын. Бұл заңсыз әрекеттердің жиілеп кетуі құқық қорғау органдарының күшейтілген тексеру жүргізуіне себеп болып отыр.