Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі
Ақтөбеде қару кезеніп, фотоға түскен, кейін оны әлеуметтік желіге жүктеген бір топ жасөспірім анықталды. Полиция оларды есепке алды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті әлеуметтік желіге мониторинг жасап, 16-17 жастағы бозбалалардың тапанша, пышақ ұстап тұрған фотоларын анықтады. Кейін желі қолданушысын анықтап, тексеру жүргізді.
— TikTok әлеуметтік желісінде 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша сияқты заттарды ұстап түскен бірнеше фотосуреттерін жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке тұлғасы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында олардың бесеуі Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі аудандағы мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы екені анықталды. Жасөспірімдердің бірінен газ тапаншасы тәркіленді. Олар бұл әрекетке «контент үшін» барғанын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсаты болмағанын айтты. Кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді, есепке алынды. Жарияланған посттар өшіріліп, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қазіргі кезде республика аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Өңірде рейд, әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізіледі.