Данияр Қаппасов ақталды: айыптар күткеннен ерте алынды

Фото: Дала Қырандары

Щучинск қаласының тұрғыны, 2004 жылы туған Даниярдың өмір жолы жастарға үлгі боларлықтай бағытта өзгерді. Қарапайым отбасында өсіп, спортпен айналысып, Азаматтық қорғау колледжінде білім алған жас жігіттің өмірінде 18 жасында ауыр сынақ басталды. Танысымен болған жанжал төбелеске ұласып, кейін жағдай күрделеніп, қылмыстық іске себеп болды. Сот шешімімен оның бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылауға алынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Дәл осы қиын кезеңде Данияр «Дала Қырандары» қозғалысының жұмысына қызығушылық танытып, ұйымға қосылуға шешім қабылдады. Алғашқы сынақтан өте алмаса да, мойымады. Күнделікті жаттығулар мен еңбектің арқасында ол кейін сынақтан сәтті өтіп, «қыран» мәртебесін иеленді.

Белсенділігі мен жауапкершілігінің арқасында жарты жылдан соң қозғалыстың аймақтық жетекшісі атанды. Бүгінде Данияр қозғалыстың төрт бағыты бойынша белсенді жұмыс істеп, жасақтарымен бірге рейдтер ұйымдастырады, аулаларды ретке келтіріп, тұрақты бақылау жүргізеді.

Қазіргі таңда ол жергілікті жастарға үлгі болып отыр. Мектеп оқушылары да оның командасына қосылуға ниет білдіруде. Данияр өзінің өмір жолымен қателіктерді түзеп, қоғамға пайдалы болуға болатынын іс жүзінде дәлелдеп жүр.

Яндекс.Метрика