Қызылордада жылусыз қалған үйге қатысты мәселе: әкімдік түсініктеме берді

Қызылорда қаласындағы 4-шағынауданның 2-үй тұрғындары бірнеше күннен бері жылусыз отырғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. Олардың айтуынша, түнгі сағат 02:00-ден бастап батареялар суып, пәтер іші суықтап кеткен.

Мәселе бойынша жауапты мекемелер түсініктеме берді. Аталған мекенжай жылу жүйесіне толық қосылғанымен, жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде жертөледегі насос қондырғысының істен шыққаны анықталған. Соның салдарынан тұрғын үйлерге берілетін жылу қысымы төмендеп кеткен.

Мекеме мамандары кондоминиум объектісінің басқарушысы – «ОрдаСервис» мекемесіне акт толтырып, ақауды жою бойынша нұсқама берген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, насос қондырғысын сатып алуға пәтер иелері қатысуға міндетті, ал оны орнату және жөндеу жұмыстары ПИК тарапынан тегін жүргізіледі. Осыған байланысты тұрғындарға насос қондырғысын сатып алу қажеттігі түсіндірілген.

Қазіргі уақытта насос қондырғысы сатып алынып, оны қайта орнату жұмыстары басталғаны хабарланды.

Яндекс.Метрика