Ресейде Қазақстан азаматы 74 жастағы зейнеткер әуежайда полицейлерге күш қолданды деп қамауға алынды

Фото: www.livenowfox.com

Ресейдің Орынбор аудандық соты 74 жастағы Қазақстан азаматына қатысты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Әйел Орынбор әуежайында екі полиция қызметкеріне күш қолданды деген күдікпен ұсталған.

Бұл туралы Qazaq.today порталы хабарлайды.

Сот мәліметінше, зейнеткер Ресейге қызын көруге барған. Ол шекарадан көлікпен өтіп, кейін жолын ұшақпен жалғастырмақ болған.

Алайда әуежайдағы тексеріс кезінде оның қол жүгінен бес литрлік май құйылған бөтелке табылған. Қызметкерлер әуе тасымалы ережесін түсіндірген сәтте жолаушы ашуға мініп, құқық қорғау өкілдеріне күш қолданғаны айтылды.

Сот қандай уәждерді ескерді

Іс сотқа жеткенде әйел өзіне тағылған айыпты мойындамай, күш қолдану фактісін жоққа шығарған. Дегенмен сот оның жасы үлкен екенін ескеріп, бастапқыда өтінішті кейінге қалдырып, туыстарына балама шара ұсынуға мүмкіндік берген.

Яғни кепіл қою немесе үйқамақ тәрізді нұсқалар қарастырылуы мүмкін болған. Бірақ ұсынылған мінездемелер, соның ішінде уақытша ұстау изоляторынан берілген сипаттама, айыпталушының белгіленген тәртіпке бағынуға құлық танытпағанын көрсеткені хабарланды.

Елден кетіп қалуы мүмкін деген қауіп

Сондай-ақ сотта жедел ақпаратқа сүйене отырып, күдіктінің Ресей аумағынан дереу шығып кетуге ниеті болғаны да ескерілген. Осы жайт тергеуден жалтару қаупін күшейтеді деп бағаланған.

Сот қорытындысында «адамның жеке басына қатысты деректер мен тергеуден бой тасалау қаупін» негізге алып, екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім қабылдаған.

Яндекс.Метрика