2026 жылдан бастап Қазақстанда жәрдемақы мен базалық, ынтымақты зейнетақы 10% өседі

Фото: astanatimes.com

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақы 10% деңгейінде өседі. Өсім мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкестендірілмек.

Бұл туралы Qazaq.today порталы хабарлайды.

Еске салайық, 2023 жылдан бері бес жыл ішінде базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен көтеру жүріп жатыр. Жоспар бойынша ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарысы 120%-ға дейін біртіндеп ұлғайтылуда.

Базалық зейнетақы: ең төменгі және ең жоғары мөлшер қалай өзгереді?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болады. Бұл — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең көрсеткіш.

Ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін өсіп, 60 005 теңгені құрайды.

Нақты мысал: зейнетақы сомасы қаншаға ұлғаяды?

Мәселен, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы азаматтың бюджеттен төленетін зейнетақысы 2025 жылы 171 588 теңге болған. Оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге.

2026 жылғы 1 қаңтардағы 10% арттыруды ескерсек, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 192 816 теңгеге дейін өседі. Мұнда базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге болады.

Айта кету керек, бұл есепке БЖЗҚ-дан (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) төленетін төлемдер кірмейді.

Сондай-ақ 2026 жылдан бастап жәрдемақылар да айтарлықтай ұлғаяды. Мысалы, бала тууға берілетін біржолғы төлем 1, 2, 3 бала үшін 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін өседі. 4 және одан да көп бала туған жағдайда төлем 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін көтеріледі.

Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы да бала санына қарай өседі. 4 баласы бар отбасылар үшін төлем 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, ал 10 баласы бар отбасыларға 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақыларда да 10% өсім қарастырылған. I топтағы азаматтар үшін төлем 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін артады.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10% өседі. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша төленеді.

Яндекс.Метрика