Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, 2026 жылы Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер салдарынан шамамен 300 мың шағын және орта бизнес субъектісінің жабылуы туралы болжам — негізсіз әңгіме емес, белгілі бір деңгейде күтілетін сценарий, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Алайда сарапшы бұл кәсіпорындардың барлығы толық банкротқа ұшырайды дегенді білдірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бір бөлігі қызметін тоқтатып, кейін қайта тіркелуі немесе басқа форматта жұмысын жалғастыруы мүмкін.
«Орта есеппен алғанда, әрбір шағын және орта бизнес субъектісінде 2–3 адамнан жұмыс істейді. Демек, бұл өзгерістер кемінде жарты миллионға жуық азаматтың табысына әсер етуі ықтимал. Әрине, олардың барлығы бірден жұмыссыз қалады деуге болмайды, бірақ қысқа мерзімде уақытша жұмыссыз қалу қаупі жоғары», – дейді экономист.
Жұмыссыздық деңгейі өсуі мүмкін
Қазіргі ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі шамамен 5 пайызды құрайды. Алайда шағын және орта бизнестің жаппай жабылу үдерісі басталса, бұл көрсеткіш тағы 2–2,5 пайызға өсуі мүмкін.
«Ресми дерек бойынша 250–300 мың адам уақытша жұмыссыз қалуы ықтимал. Себебі бизнес тез жабылғанымен, ондағы қызметкерлердің бірден жаңа жұмыс табуы оңай емес», – деп түсіндірді Мақсат Халық.
Ресми және нақты көрсеткіш арасындағы айырмашылық
Экономист жұмыссыздықтың нақты деңгейі туралы деректердің әртүрлі екенін де атап өтті. Ресми статистикада бұл көрсеткіш 5 пайыздан аспайды. Алайда Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанда жұмыссыздар саны 900 мыңға жуық екенін айтқан, бұл шамамен 9 пайызға тең.
Ал кейбір халықаралық аудиторлық және консалтингтік компаниялардың есептерінде Қазақстандағы нақты жұмыссыздық деңгейі 15 пайызға дейін жетуі мүмкін екені көрсетілген.
«Осы жағдайда қай дерекке сену керек деген заңды сұрақ туындайды», – дейді сарапшы.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі
Еңбекпен қамтуға жауапты министрліктің мәліметінше, елде жұмыссыздар саны 500 мыңға жуық, ал 2 миллионнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кіреді. Алайда бұл азаматтардың барлығы тұрақты әрі жеткілікті табыс тауып отыр деген сөз емес.
«Бұрын бір бағдарламаның аясында мен кемінде 200 мың адамның “сәтсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар” санатына жататынын айтқанмын. Сондықтан қазіргі өзінде нақты жұмыссыздық деңгейі шамамен 7 пайыздың төңірегінде», – дейді Мақсат Халық.
Әлеуметтік тәуекел күшейе ме?
Экономистің пікірінше, егер шағын және орта бизнестің бір бөлігі жабылып, қалғандары салықтық қысымға байланысты штаттарын қысқартса, бұл көптеген азаматтардың уақытша табысынан айырылуына әкелуі мүмкін.
«Бүгінде шағын және орта бизнесте шамамен 4 миллион адам жұмыс істейді. Сондықтан бұл процестер халық табысының төмендеуіне және әлеуметтік шиеленістің күшеюіне алып келу қаупін арттырады», – деп қорытындылады сарапшы.
