Әлемдік спорттың қос аңызы Эр-Рияд төрінде күтпеген жерден жолығып, жанкүйерлерді дүр сілкіндірді. Криштиану Роналду қазақстандық боксшыны «бауырым» деп құшақ жая қарсы алып, көпшілікті мазалап жүрген ең маңызды сұрақты тікелей қойды.
Сауд Арабиясында өтіп жатқан ауқымды бокс кеші тек шаршы алаңдағы жекпе-жектермен ғана емес, VIP-ложадағы қонақтарымен де ерекшеленді. World Boxing ұйымының президенті, қазақстандық мақтаныш Геннадий Головкин мен футбол жұлдызы Криштиану Роналдудың кездесуі желіде қызу талқыға түсті. Екі спортшы бір-бірін ескі достардай жылы қарсы алып, төс қағыстырды.
GGG рингке қайта орала ма?
Кездесу барысында португалиялық сұрмерген Головкиннен қазіргі жағдайын сұрап, басты интриганы қозғады. Роналду GGG-дің әлі де жаттығу жасап жүргенін және бокс қолғабын кию жоспарда бар-жоғын білгісі келді.
Геннадий Головкиннің жауабы жанкүйерлерге үміт сыйлағандай болды. 43 жастағы боксшы мансабын ресми түрде аяқтамағанын меңзеп, «Келесі жылы, мүмкін» деп қысқа қайырды. Бұған дейін де GGG егер қаржылық және спорттық жағынан қызықты ұсыныс түссе, рингке бір рет оралуға дайын екенін айтқан болатын.
Сауд Арабиясындағы жұлдызды кеш
Роналду қазақстандық спортшыны келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Айта кетейік, Криштиану қазіргі уақытта «Әл-Наср» клубының намысын қорғап жүр және келісімшартын 2027 жылға дейін ұзартқандықтан, Эр-Риядта тұрақты тұрады.
Ал Геннадий Головкин бұл қалаға World Boxing ұйымының басшысы ретінде арнайы шақыртумен келген. Ол жапондық жұлдыз Наоя Иноуэ мен мексикалық Давид Пикассо арасындағы тартысты жекпе-жекті тамашалауға барған еді. Бұл кездесу қазақстандық боксшының әлемдік аренадағы беделі әлі де өте жоғары екенін тағы бір дәлелдеді.
