Фото: media.az
Ақтау қаласына жақын маңда AZAL әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған кезде тірі қалған бортсерік Айдан Рагимли бір жыл өткен соң қайтадан қызметіне кірісті. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы жергілікті ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Әуе компаниясының ресми әлеуметтік желідегі парақшасында Айдан Рагимлиге арналған бейнежазба жарияланған. Онда адам тағдырын сөзбен толық жеткізу әрдайым мүмкін емес екені айтылып, өмірдің бәрібір алға жылжитыны атап өтіледі. Баку–Грозный бағытындағы J2-8243 рейсі оның жадында мәңгі сақталатын ауыр кезеңге айналғанымен, бортсерік бұл сынақты қабылдап, кәсіби жолын жалғастыруды таңдаған. Компания өкілдерінің айтуынша, ол бүгінде өз міндетін бұрынғыдай жоғары жауапкершілікпен әрі шеберлікпен атқарып жүр.
Ұшақ апатынан аман қалған Айдан Рагимли Әзербайжан Республикасының ең жоғары марапаттарының бірі – бірінші дәрежелі «Рашадат» орденімен наградталған.
Еске салайық, өткен жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында AZAL компаниясына тиесілі Баку – Грозный бағытымен ұшқан әуе кемесі апатқа ұшырады. Ұшақта барлығы 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшелері. Қайғылы жағдай салдарынан 38 жолаушы көз жұмып, 29 адам тірі қалған.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтау маңында осы әуе апатында қаза тапқандарға арналған ескерткіш орнатылғаны хабарланған болатын.
