Президент Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мен Үкіметке жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде есеп тыңдады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Кездесу барысында Премьер-министр Президентке биылғы жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары туралы баяндады. Оның айтуынша, экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырманың нәтижесінде ішкі жалпы өнім өсімінің 70 пайыздан астамы өнеркәсіп, сауда және көлік салаларының үлесіне тиіп отыр.

2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында көлік қызметі 20,3 пайызға, құрылыс 14,7 пайызға, сауда 8,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға өскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,5 триллион теңгеге жетіп, жеке инвестициялар 9,8 пайызға артқан.

Сондай-ақ Олжас Бектенов макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасының іске асырылу барысын таныстырды. Бұл бағдарламаның негізгі басымдықтары — халықтың нақты табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту және инфляция деңгейін төмендету.

Премьер-министр желтоқсан айында шекарадағы бес өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары толық аяқталғанын хабарлады. Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі іске қосылып, шағын бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы қабылданғанын айтты.

Бұдан бөлек, жылыту маусымының өту барысы мен 2026 жылғы дала жұмыстарын қаржыландырудың ерте басталғаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл шаралар егіс алқаптарының көлемін сақтап қана қоймай, оны ұлғайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортты дамытуға бағытталған.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Үкімет басшысына азаматтардың мүддесіне сай елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Яндекс.Метрика