Фото: ІІМ
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елімізде Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Құқықтық тәртіп», «Шырша» және «Пиротехника» атты жедел алдын алу іс-шаралары өтуде, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
20 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін жалғасатын бұл шаралар мереке күндерінің тыныш, қауіпсіз әрі оқыс оқиғасыз өтуіне бағытталған. Негізгі мақсат – қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Полиция қызметкерлері басқа да тиісті құрылымдармен бірлесіп, көшелерде, аулаларда, сауда орындарында және адамдар көп жиналатын жерлерде патрульдеуді күшейтті. Жасөспірімдер мен жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол ережелерінің және көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді. Бұдан бөлек, алкоголь, есірткі және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына тосқауыл қойылып жатыр.
Жаңа жыл қарсаңында пиротехниканы дұрыс қолданбау салдарынан жарақат алу, өрт шығару және түрлі жазатайым оқиғалардың көбеюі жиі байқалады. Осыған байланысты полиция өртке қарсы қызметпен бірге пиротехникалық бұйымдардың айналымын бақылауға бағытталған арнайы тексерістер жүргізуде. Биылдың өзінде 4 мыңнан астам тексеру жасалып, шамамен 500-ге жуық заңбұзушылық анықталды, 8 мыңнан астам сертификатталмаған және қауіпті пиротехникалық өнім тәркіленді.
Пиротехникалық бұйымдарды тек ресми және лицензияланған сауда нүктелерінен сатып алу ұсынылады. Сәйкестік сертификатына, қолдану нұсқаулығына және жарамдылық мерзіміне міндетті түрде назар аудару керек.
Мерзімі өткен пиротехниканы қолдануға және оны балалардың ересек адамдардың бақылауынсыз пайдалануға қатаң тыйым салынады. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.
