Сурет: pixabay.com
Қазақстанда қонақ үй қызметінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды өзгерістер күтілуде. 2025 жылы Туризм және спорт министрлігі қонақ үйлерді классификациялау жүйесін түбегейлі жаңартуды қолға алды. Бұл бастама елдегі туристік инфрақұрылымды халықаралық стандарттарға жақындатуды көздейді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қолданыста болған талаптар уақыт талабына сай келмей, өзектілігін жоғалтқан. Осы себепті қонақ үйлерді бағалаудың жаңа ережелері әзірленіп, қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.
Жаңартылған классификация жүйесі қонақ үйлердегі қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, туристердің қанағаттану деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанды халықаралық туристер үшін тартымды бағыт ретінде ілгерілетуге серпін береді.
Министр 2025 жылдың туристік жетістіктеріне де тоқталды. Атап айтқанда, Алматы қаласы CNN Travel нұсқасы бойынша жылдың үздік туристік бағыттарының қатарына енсе, Қазақстан Lonely Planet басылымының Best in Travel 2025 рейтингіне енгізілді. Бұған қоса, Bloomberg Алматыны 2026 жылғы ең үздік 25 туристік локацияның бірі деп таныды.
Халықаралық деңгейдегі медиа-жобалар да ел туризмінің танымал болуына ықпал етті. Amazon Prime, M6 және CCTV4 телеарналарымен бірлесіп жүзеге асырылған жобалар миллиондаған шетелдік аудиторияны қамтып, Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Сарапшылардың пікірінше, қонақ үйлерді бағалаудың жаңартылған жүйесі туристік қызмет сапасын жаңа деңгейге шығарып, ішкі және сыртқы туризмнің дамуына оң әсер етеді.
