«Вагон ішінен түтін иісі шығып, пойыз тоқтатылды»: Алматы метросында төтенше жағдай орын алды

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы метрополитенінде кеше кешкісін төтенше жағдайға ұқсас оқиға тіркелді. Вагондардың бірінен күйген заттың иісі шыққаны байқалып, пойыздар уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Ақпаратқа сәйкес, оқиға «Абай» станциясында сағат 18:04 шамасында орын алған. Вагонда тез жанған затқа тән иіс сезілген соң машинист қозғалысты тоқтатып, жолаушыларды түсіруге шешім қабылдаған. Сағат 18:20-да тексеру жүргізу мақсатында пойыз депоға жіберілгені хабарланды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жолаушылар тасымалында үзіліс болмас үшін резервтік құрам іске қосылып, шамамен 15 минуттан кейін қозғалыс толық қалпына келтірілген.

Оқиғаға байланысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі де түсініктеме берді. ТЖД мамандары дереу шақырту орнына барып, тексеру жүргізген. Нәтижесінде ашық жалын анықталмағаны белгілі болды.

Қазір метро қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Яндекс.Метрика