«Жұмысың бар ма, жас маман?»: Қазақстанда мемлекеттік жұмысқа орналасу қиындығы

Сурет:pixabay.com

Диплом қолда, үміт көңілде. Университет бітірген жас маманның ең алғашқы сұрағы – «Енді қайда барамын?». Қазақстанда әсіресе мемлекеттік қызметке көз тіккен жастар көп. Тұрақты жалақы, әлеуметтік кепілдік, «беделді жұмыс» деген түсінік әлі де күшінде. Бірақ шындық басқа: мемқызметке орналасу жас маман үшін оңай жол емес.

Ресми түрде бәрі ашық көрінеді. Конкурс бар, тест тапсырасың, әңгімелесуден өтесің. Алайда тәжірибеде жас маман бірнеше кедергіге тіреледі. Біріншіден – тәжірибе талабы. Кеше ғана оқу бітірген түлекке «кемінде 1–3 жыл еңбек өтілі керек» деген талап қойылады. Сонда жас маман тәжірибені қайдан алуы тиіс деген заңды сұрақ туындайды.

Екіншіден – таныс пен байланыс факторы. Ашық айтылмаса да, көпшілік арасында «мемлекеттік қызметке таныссыз кіру қиын» деген түсінік қалыптасқан. Кей конкурстардың нәтижесі алдын ала белгілі деген күдік те жиі айтылады. Бұл – жастардың мемлекетке деген сенімін әлсірететін қауіпті құбылыс.

Үшіншіден – жалақы мәселесі. Ауылдық немесе аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелерде бастапқы жалақы көбіне жас маманның үмітіне сай келмейді. Пәтерақы, жол шығыны, күнделікті тұрмыс – мұның бәрін есептегенде, кей жас маман жеке секторға немесе мүлде басқа салаға кетуге мәжбүр болады.

Тағы бір түйткіл – кадр саясатының формалдылығы. Қағаз жүзінде «жастарды қолдау» бар, ал іс жүзінде жас маман көбіне екінші қатарда қалады. Идеясы бар, жаңаша ойлайтын жастар бюрократиялық жүйеде өз орнын таба алмай жатады. Ал мемлекеттік аппараттың жаңаруы дәл осы жастарға тікелей байланысты емес пе?

Дегенмен үміт үзілген жоқ. Соңғы жылдары «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», Президенттік жастар кадр резерві сияқты жобалар іске қосылды. Бұл – дұрыс қадам. Бірақ ол барлық жас маманның мәселесін толық шешіп отыр деу қиын. Нақты нәтиже үшін конкурс жүйесіне сенім арту, тәжірибе талабын қайта қарау және жас кадрға нақты қолдау қажет.

Жас маман жұмыс іздеп шаршамауы керек. Бірақ мемлекет те жас маманды сарсаңға салмауы тиіс. Себебі бүгін жұмыс таба алмаған жас – ертең елден үмітін үзіп кетуі мүмкін. Ал бұл бір адамның емес, тұтас қоғамның жоғалтатын дүниесі.

Яндекс.Метрика