Фото: kz.kursiv.media
Қаржыгер, Qazaq Expert Club сарапшысы Сандыбай Жанияның айтуынша, 2026 жылы әлемдік мұнай бағасы барреліне шамамен $56–$60 деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Мұндай болжамды JPMorgan және бірқатар жетекші халықаралық қаржы институттары айтып отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Сарапшының сөзінше, бұл сценарий әлемдік сұраныс пен ұсыныс арасындағы қазіргі теңгерімді көрсетеді. Әлемдік қорлардың ұлғаюы, ОПЕК+ құрамына кірмейтін елдердегі артық өндіріс және Қытай мен дамыған мемлекеттердегі сұраныстың баяу өсу қаупі мұнай бағасына қысым жасап отыр. Сонымен қатар, энергия тиімділігінің артуы мен технологиялық өзгерістер де көмірсутекке деген ұзақмерзімді сұранысты шектеп келеді.
Осы факторларды ескере отырып, 2026 жылы мұнайдың $60 деңгейінде болуы – ең ықтимал сценарий.
Бюджетке қысым күшеюі мүмкін
Сандыбай Жанияның айтуынша, Қазақстан үшін мұнайдың $60 болуы тек бейтарап көрсеткіш емес. Бұл – экономиканың құрылымдық әлсіз тұстарын айқын көрсететін шек.
Ресми деректерде бюджет төмен мұнай бағасына бейімделгендей көрінгенімен, іс жүзінде көптеген шығындар Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер есебінен жабылып отыр. Мұнай бағасы төмен болған жағдайда экспорттық түсім азайып, резервтерді толықтыру мүмкіндігі шектеледі.
Қаржыгер фискалдық саясаттың процикликалық сипатына да назар аударады: табысты жылдары шығындар тез өседі, ал қолайсыз кезеңде бюджеттегі «тесіктерді» жамауға тура келеді.
Теңге мен инфляция тәуекелі
Сарапшының пікірінше, теңге әлі де мұнай бағасына тікелей тәуелді. Бағаның төмендеуі девальвациялық күтулерді күшейтіп, валюта нарығына қысым түсіреді. Ұлттық банк қысқамерзімді ауытқуларды реттегенімен, негізгі себеп – валюталық түсімнің азаюы – өзгермей қалады.
Бұл өз кезегінде импорттық тауарлар арқылы инфляцияның өсуіне әсер етеді. Яғни, $60 деңгейі бір реттік валюталық соққы емес, ұзақмерзімді инфляциялық қысым мен халықтың нақты табысының төмендеу қаупін туындатуы мүмкін.
ЖІӨ өседі, бірақ сапасы маңызды
Сандыбай Жания $60 жағдайында да ЖІӨ өсімі мүмкін екенін айтады. Алайда мәселе – өсімнің сапасында. Экономика әлі де шикізатқа, мемлекеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік секторға тәуелді.
Мұнайдан тыс жеке инвестициялар баяу өсіп келеді және валюта бағамына, инфляцияға, реттеуші ортадағы белгісіздікке өте сезімтал. Төмен мұнай бағасы ірі инвестициялық жобаларға қызығушылықты азайтып, соған ілесе дамитын салалардың да белсенділігін төмендетеді. Нәтижесінде экономикалық өсім инерциялық сипат алып, тұрақтылығы әлсірейді.
«$60 – жаңа қалыпты деңгей»
Қаржыгердің айтуынша, мұнайдың $60 болуы уақытша құлдырау емес. Бұл – энергетикалық ауысу, жаһандық бәсекенің күшеюі және әлемдік сұраныстың баяулауына байланысты қалыптасып жатқан жаңа қалыпты диапазон.
«Егер экономика осы деңгейге әлі де қатты тәуелді болса, бұл құрылымдық реформалардың кешігіп жатқанын немесе экономикалық модельдің негізі өзгермегенін көрсетеді», – дейді сарапшы.
Қорытындылай келе, Сандыбай Жания мұнайдың $60 болуы Қазақстан үшін автоматты түрде дағдарыс емес екенін атап өтеді. Алайда бұл бюджетке, теңге бағамына қысым жасап, кірістерді әртараптандыруды және макроқаржылық тұрақтылықты нығайтатын институционалдық шешімдерді жеделдетуді талап етеді.
