Фото: mg_ridder
Риддер қаласында 101 жасқа қараған шағында Ұлы Отан соғысының соңғы ардагері Павел Прокофьевич Альбоха дүниеден өтті. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы хабарлайды.
mg_ridder мәліметінше, майдангер Украинадан бастап Польша мен Чехословакияға дейінгі ауыр жауынгерлік жолдан өткен. Соғыс жылдарындағы ерлігі үшін бірқатар орден-медальдармен марапатталған.
Павел Прокофьевич Альбоха 1924 жылы дүниеге келген. Әскери байланыс авиациялық училищесін тәмамдаған соң 565-ші шабуылдаушы авиация полкінде радиоаппаратура механигі ретінде қызмет атқарды. Майдан даласында табандылық танытып, Жеңісті тікелей ұрыс алаңында қарсы алған.
Көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Соғыстан кейін, 1960 жылдан бастап, Павел Прокофьевич Риддер қаласында тұрақтап, кірпіш зауытында, тұрғын үй құрылысы саласында және жылу электр орталығында ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Ол қаланың өндірістік және әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосты.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, майдангердің өмірден өтуімен Риддер халқы соғыс жылдарының тірі куәгерімен қоштасып отыр. Оның ғұмыры – ерлікке, еңбекке және адамгершілікке толы өнеге болып қала бермек.
