Ресейде WhatsApp-тың жұмысы кезең-кезеңімен шектеліп жатыр

Фото: Москва 24

Ресейде Роскомнадзор (РКН) WhatsApp мессенджерінің жұмысын шектеу шараларын кезең-кезеңімен күшейтіп жатыр. Ведомство өкілдері сервистің ел заңнамасын жүйелі түрде бұзып отырғанын алға тартып, алдағы уақытта қосымшаның толықтай бұғатталуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Соған қарамастан, WhatsApp Ресей аумағында ең кең таралған байланыс құралы болып отыр. Сарапшылардың дерегінше, мессенджердің елдегі бірегей қолданушыларының саны шамамен 100 миллион адамға жеткен.

Роскомнадзор мәлімдеуінше, ресейлік заң талаптары толық орындалғанға дейін шектеу шаралары жалғаса береді. Бұл процесс пайдаланушылардың басқа платформаларға бірден емес, кезең-кезеңімен көшуіне жағдай жасау үшін жүзеге асырылып отыр. Билік өкілдері азаматтарды отандық мессенджерлерді пайдалануға шақыруда.

Соңғы айларда қолданушылар сервистің жұмысына қатысты жиі шағым айта бастады. «Сбой.рф» және Detector404 мониторингтік қызметтерінің мәліметінше, мессенджердегі іркілістер бірден бірнеше аймақта тіркелген.

Шектеулердің кезеңдік сипаты бар. Қоңырау сапасының төмендеуі, яғни «деградация» үдерісі осы жылдың тамыз айында басталған. Бұқаралық ақпарат құралдары 22 желтоқсаннан кейін WhatsApp жұмысының жылдамдығы 70–80 пайызға дейін баяулағанын хабарлады. Байланыс операторлары бұл жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік «Молния» мессенджерін іске қосу мерзімі 2026 жылға шегерілгені белгілі болған. Алғашында жоба биылғы қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс еді.

Яндекс.Метрика