Қаңғыбас иттерге тағы жүз миллион: ШҚО-да мәселе қаржымен ғана «реттеліп» жатыр

Фото: Pixabay

Шығыс Қазақстан облысында қаңғыбас жануарларға қатысты түйткіл тағы да бюджет қаржысы арқылы шешілмек. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов халықпен есептік кездесуде алдағы жоспарларды жариялады. Айтуынша, 2025 жылы бұл бағытқа 90 миллион теңге қарастырылған. Ал 2026 жылы қаңғыбас иттерді вакцинациялау мен стерилизациялау шараларына шамамен 100 миллион теңге бөлу көзделіп отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Әкімнің мәлімдеуінше, аталған қадамдар жануарлар санын бақылауда ұстауға бағытталған. Сонымен қатар ол иттердің адамға адал серік екенін атап өтіп, үй жануарларын көшеге тастайтын иелерге жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтты.

Дегенмен өңір тұрғындары қаржы бөлуден гөрі нақты қауіпсіздік пен ұзақмерзімді нәтиже күтетінін жасырмайды. Қомақты қаражат жыл сайын бөлінгенімен, мәселенің түбегейлі шешілмей келе жатқаны көпшіліктің көңілінде күмән қалдырады.

Қаңғыбас иттерден төнетін қауіп күн тәртібінен түспей тұрған тұста, жұртшылық биліктің бақылаудан гөрі бюджет игеруге көбірек мән беріп отырғандай әсер алуда.

Яндекс.Метрика