Фото: Pixabay
Павлодар қаласында түзету мекемесінің бұрынғы басшысына қатысты резонансты қылмыстық іс аяқталды. 40 жастағы экс-әділет подполковнигі мемлекеттік құпияларды заңсыз жинады деген айыппен кінәлі деп танылды. Іс материалдарына байланысты сот процесі жабық форматта өтті. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы irbistv.kz дерегіне сүйене отырып хабарлады.
№45 мекемені басқарған азаматқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған, сондай-ақ мемлекеттік құпия саналатын мәліметтерді заңсыз жинап, таратумен айналысқан.
Үкімді жариялаған Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығын ескере отырып, жазаларды ішінара сіңіру қағидатын қолданды. Нәтижесінде сотталған азамат 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
