Фото: divecon.net
Қостанай облысында медициналық құрылғыларды сатып алу саласында ірі көлемдегі сыбайлас-жемқорлық фактілері анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Qazaq Today.
Құқық қорғау және уәкілетті органдармен бірлескен тексеріс нәтижесінде медициналық ұйымдар үшін қажеттілігі төмен жабдықтардың қымбат бағаға сатылып келгені белгілі болды.
Ведомствоның мәліметінше, келтірілген залал көлемі 2 млрд теңгеден асып кеткен.
Аталған деректер бойынша қылмыстық істер тіркелді. Тергеу аясында Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі орынбасары, аудандық аурухананың бас дәрігері және медициналық құрылғыларды жеткізген компания өкілі ұсталған.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Басқа мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
