Фото: Stan.kz
Қазақстанның халық әртісі, театр мен кино өнерінің аңызы Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр. Қаралы жиын Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Салтанатты рәсімге мемлекет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері арнайы жиналды. Олардың қатарында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды болды.
Қоштасу сөзінде Ерлан Қарин Асанәлі Әшімовтің қазақ руханиятындағы орны айрықша екенін атап өтті:
«Бұл залда халқымыз мақтан тұтатын нар тұлғалар отыр. Асанәлі ағамыз сол алыптардың алдыңғы шебінде еді. Болмысы да, сөзі де, ісі де ірі болатын. Осындай асыл азаматтардан үлгі алып, біз де биік болуға ұмтылайық. Оның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент өз сөзінде Асанәлі Әшімовтің бар ғұмырын өнерге арнап, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз еңбек сіңіргенін атап өтті.
«Ол сомдаған бейнелер халық жадында мәңгі сақталады. Сахна мен экранда өшпес із қалдырған саңлақ жас буынға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықты жалғады», – делінген жеделхатта.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақ КСР-інің халық әртісі, көрнекті актер Асанәлі Әшімовтің дүниеден өткенін хабарлаған едік. Оның жарқын бейнесі мен мол мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі жасай береді.
