Фото:Top rank
WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының спорттық мансабы төңірегінде белгісіздік күшейіп отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
АҚШ-та 6 желтоқсан күні қазақстандық боксшы үш чемпиондық титулды біріктіру үшін кубалық **Эрисланди Лара**мен жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда айқасқа бірнеше күн қалғанда VADA ұйымы допинг сынамасынан мельдоний табылғанын мәлімдеп, жоспарланған кездесу өтпей қалды. Бұл жағдай әлемдік бокс қауымдастығының назарын аударды.
Осы оқиғадан кейін боксшының менеджері Берік Сұлтан алғаш рет ресми түсініктеме берді. Оның айтуынша, команда бұл жағдайды күтпеген және өздерінің таза спорт ұстанымынан айнымаған.
«Қазір жанкүйерлерді жағдайдың қалай шешілетіні алаңдатып отыр. Жәнібектің және өз атымнан қолдау білдірген барша жанкүйерге алғыс айтамын. Біз кінәсіз екенімізге сенеміз», – деді менеджер.
Берік Сұлтанның сөзінше, алғашқы кезеңде алынған зәр мен қан сынамалары таза шыққан. Кейін қайта алынған тек зәр сынамасынан ғана күмәнді нәтиже тіркелген. Ол екі сынаманың арасында спортшының тамақтану режимі мен витаминдік қоспалары өзгермегенін атап өтті.
«Барлық қолданылған витаминдер спортшыларға рұқсат етілген. Оларды тексеруге де бердік, бәрі таза. Бұл жағдайдың нақты қалай болғаны әзірге түсініксіз», – дейді ол.
Менеджер команда В сынамасының нәтижесі таза шығады деп үміттенетінін жеткізді. Егер керісінше нәтиже тіркелсе, WBO және IBF титулдарынан айырылып, жарты жылдан бір жылға дейін дисквалификация қаупі бар екенін де жасырмады. Соған қарамастан, ол Әлімханұлының мансабын жалғастыруға әлеуеті жеткілікті екенін айтты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы Қазақстанға оралған. Боксшының В сынамасы 8 қаңтар күні ашылады. Шешім дәл осы нәтиженің қорытындысына байланысты қабылданбақ.
