«Ұйқас та, нақты өлшем де жоқ»: Әншілікке бет бұрған блогер тағы да сынға қалды

Фото: видеодан скрин

Блогер Daricorn қазақ тіліндегі жаңа әнін көпшілікке ұсынды. «Вальс» жанрында жарық көрген бұл туынды әлеуметтік желіде бірден қызу талқыға түсіп, тыңдарман пікірі екіге жарылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі. 

Желі қолданушыларының бір бөлігі әннің әуені мен құрылымына күмән келтіріп, әзіл-сықақ аралас сын айтқан. Пікірлер арасында «Бұл әнге шынымен вальс билеуге бола ма?», «Вальс емес, жай ғана ырғақ сияқты», «Ұйқас та, нақты өлшем де жоқ», «Кәдімгі әңгімені әнге айналдырғандай», «Ұйқым келмейді» әнінің жалғасы ма?» деген сарындағы жазбалар жиі кездеседі. Кейбір тыңдарман орындаушылық шеберлік пен вокал деңгейіне де көңілі толмайтынын білдірген.

Алайда блогердің шығармашылығын қолдағандар да бар. Олар «Неге үнемі тиісе береді?», «Қазақ тілінде ән айтып жүргені үшін құрметтеу керек», «Жеңіл, тыңдауға оңай әуен», «Жаңа форматтан қорықпау қажет» деп, Daricorn-ның ізденісін оң бағалауға шақырды.

Қалай болғанда да, Daricorn-ның қазақ тіліндегі жаңа вальсі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, көпшіліктің назарын аударған туындылардың біріне айналды. Бұл шығарма қазіргі музыкалық трендтер мен тыңдарман талғамы төңірегіндегі пікірталасты одан әрі күшейтті.

Яндекс.Метрика