Фото: видеодан скрин
Әлеуметтік желіде әнші Сәкен Майғазиев жас арумен амандасу кезінде оның қолын сүйген сәті түсірілген видео қызу талқыға түсті. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат агенттігі хабарлады.
Кадрларда өнер иесінің жас қыздың қолын ұстап, сүйіп амандасып тұрғаны анық көрінеді. Аталған сәт желі қолданушылары арасында екіұдай пікір тудырды. Кейбірі бұл әрекетті тым жақын әрі орынсыз деп бағалап, «неге сонша жақындады?» деген сауал қойды. Тағы бірқатары «Текті азамат болса, құшақтамай-ақ, жай ғана қол алып амандасса жеткілікті еді» деген пікір қалдырған.
Дегенмен, видеоны қорғап шыққандар да аз емес. Олар әншінің бұл қылығын ізеттілік пен мейірімнің белгісі деп түсіндіріп, «Сәкен балажан адам, жас аруды өз қызындай көріп тұр. Онда тұрған не бар?» деп жазды. Кейбір қолданушылар қыздың әншінің көз алдында өскенін алға тартып, «Нәресте кезінен таниды, сондықтан әкелік мейіріммен амандасқан» деген уәж айтты.
Осылайша, желіде тарап жатқан видео қоғам пікірін екіге жарды. Бірі әрекетті сынға алса, екінші топ әншінің адами жылулығы мен ізеттілігін атап өтті. Қазіргі уақытта видео әлеуметтік желілерде белсенді түрде таралып, пікірталас әлі де жалғасып жатыр.
