Автобуссыз қалған ауыл: Ақмола тұрғындары өмірін қатерге тігіп жүр

Фото: видеодан скрин

Ақмола облысындағы Қызылжар ауылында қоғамдық көлік мәселесі ушығып тұр. Ауыл тұрғындарының сөзінше, 308 бағыттағы автобус ауылға қатынайтын рейсін ешқандай ескерту жасамастан тоқтатқан. Соның салдарынан халық күн сайын тасжол бойындағы аялдамаға дейін жаяу баруға мәжбүр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Аталған жол учаскесінде көліктер өте жоғары жылдамдықпен қозғалады – кей сәттерде сағатына 100 шақырымға дейін жетеді. Тұрғындар бұл жағдайдың аса қауіпті екенін айтып отыр. Өйткені былтыр дәл осы маңда жол-көлік оқиғасы болып, адам өлімі тіркелген. Қазір қыс мезгілінің суығы мен күннің ерте батуы қауіп-қатерді одан сайын арттырып отыр.

Ауыл халқы бірнеше рет мәселені көтергенімен, Қызылжар ауылдық әкімдігі нақты шешім ұсынбай, тек «күте тұрыңыздар» деген жауаппен шектелуде. Тұрғындар қоғамдық көлік қайта іске қосылмаса, жағдайдың одан әрі күрделене түсуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде.

Яндекс.Метрика