Фото: видеодан скрин
Абай облысының Аягөз қаласында мемлекет тарапынан жалға берілген тұрғын үйде өрт шықты. Оқиға Жаңа көшеде орналасқан баспанада тіркелген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Алдын ала мәліметке сәйкес, аталған үй жалғызбасты көпбалалы анаға уақытша пайдалануға берілген. Өрт шыққан сәтте көрші тұрғындар алғашқы болып көмекке келіп, қолда бар өрт сөндіргіш құралдармен жалынды ауыздықтауға тырысқан. Кейін оқиға орнына өрт сөндіру қызметі жедел жетіп, тілсіз жау толықтай сөндірілді.
Құтқару қызметі мен тұрғындардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрттің кең көлемде таралуына жол берілмеді. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелмеген. Алайда тұрғын үй қатты зақымданып, отбасы уақытша баспанасыз қалды.
Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Төтенше жағдай кезінде бейжай қалмай, қолдау көрсеткен тұрғындарға алғыс білдірілді.
