Астанада жоспарланған дрон-шоу өтпейтін болды

Фото: © Sputnik / Алексей Даничев

19 желтоқсанда Астананың алты ауданында жаңа жылдық шыршаларды жағу рәсімі өтеді. Ал бастапқы жоспар бойынша мерекелік бағдарлама аясында ұйымдастырылуы тиіс дрон-шоу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, елордада қар жауып, бұрқасын соғуы мүмкін, желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшеюі ықтимал. Сол себепті көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық жабдықтарды қорғау мақсатында дрондарды ұшыру уақытша тоқтатылды.

Дегенмен, басқа мерекелік іс-шаралар жоспарға сай өтеді. Биыл елорданың жаңа жылдық бағдарламасы «Ертегі Fest» атты бірыңғай ертегілік концепцияда ұйымдастырылып отыр.

Қаланың алты ауданында бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылып, барлық алаңдарда мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары және өзге де мерекелік белсенділіктер жұмыс істейді.

Яндекс.Метрика