Олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаров лауазымды қызметке тағайындалды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Танатаров Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Даңқты балуан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының жалпы жиналысында аталған лауазымға сайланды. Федерация өкілдері оның спорттағы мол тәжірибесі мен жоғары жетістіктері отандық күрестің дамуына оң ықпал етеді деген сенім білдірді.

«Спорттағы мол тәжірибесі, жоғары жетістіктері мен кәсібилігі отандық күрестің дамуына зор үлес қосады деп сенеміз. Ақжүрек Танатарұлына жауапты қызметінде табыс тілейміз», – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Ақжүрек Танатаров еркін күрестен 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері. Сондай-ақ 2017 жылы әлем чемпионатында үшінші орын иеленіп, дәл сол жылы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған.

Спортшы 2018 жылы кәсіби спорттағы мансабын аяқтаған.

Яндекс.Метрика