Фото: Pixabay
Павлодар облысында кәмелетке толмаған баланы зорлаған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Іс облыстық қылмыстық сотта жабық режимде қаралды. Сот мәліметінше, азамат М. жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, кәмелетке толмаған баланы зорлаған. Істің мән-жайы жәбірленушінің құқығын қорғау мақсатында жария етілмеген.
Сот барысында айыпталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, куәгерлердің түсініктемелерімен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденген.
Аталған қылмыс аса ауыр санатқа жататындықтан, заң бойынша 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот азамат М.-ға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, оған педагогикалық лауазымдарды атқаруға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Сотталған адам жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтейді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
