«Менің өмірі жолым болмайды» Ал сіз Эдисонның шамды жағу үшін 6000 рет қателескенін білесіз бе?

Сурет: travelsk.ru

«Менің жолым болмайды». Бұл сөзді бүгінгі қоғамда ең жиі айтатындар – тез нәтиже күтетіндер. Бір рет сүрінсе болды, тағдырды, қоғамды, тіпті өзін кінәлауға дайын. Ал шын мәнінде жолдың болмауы деген ұғым бар да, берілгіштік деген бар. Екеуін шатастырып жүргеніміз өкінішті.

Тарихтағы ең танымал өнертабыстардың бірі – электр шамы. Бүгін бір батырманы басып жарық жағып отырған адам оның артында қанша сәтсіздік жатқанын ойлай бермейді. Томас Эдисон шамды жасау жолында шамамен 6000 рет сәтсіз тәжірибе жасағаны жөнінде деректер бар. Әр қателік – бір қадам артқа емес, бір қадам алға екенін ол жақсы түсінді. Одан «неге сонша рет қателестіңіз?» деп сұрағанда, Эдисон «мен қателеспедім, тек жұмыс істемейтін 6000 тәсілді таптым» деп жауап бергені бекер емес.

Енді өзімізге қарайық. Бір рет жұмысқа қабылдамаса – «бақытсызбын» дейміз. Бір жобамыз өтпесе – «талантсызбын» деп түңілеміз. Бір мақала өтпесе, бір бизнес жүрмесе, бір емтиханнан құласақ, бәрін тағдырға жабамыз. Ал Эдисон болса, мыңдаған рет қателесіп тұрып, тоқтамады. Себебі ол нәтижені емес, процесті жеңді.

Қоғам бізге табысты адамдардың тек соңғы нәтижесін көрсетеді. Бірақ олардың алдындағы күйзелісті, мазақты, қаржылық күйреуді, сенімсіздікті айтпайды. «Жолы болды» деген сөздің артында көбіне «берілмеді» деген шындық жатады. Өмірде жолы болмайтын адам жоқ, жолдың ортасында тоқтап қалатындар бар.

Егер сіз бүгін тағы да «менің өмірі жолым болмайды» деп отырсаңыз, өзіңізден сұраңыз: сіз 6000 рет қателесуге дайынсыз ба? Дайын болмасаңыз, Эдисонмен салыстыруға да, тағдырды кінәлауға да қақыңыз жоқ. Ал дайын болсаңыз – сіздің шамыңыз әлі жанбағанымен, жолыңыз әлдеқашан басталып кеткен.

Яндекс.Метрика