Фото: Air Astana
Алматыдан Бангкокқа бағыт алған Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық себептерге байланысты Үндістанның Дели қаласына шұғыл қону жасады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, ұшу барысында ұшақтың сол жақ қозғалтқышынан күмәнді дыбыс шыққаны айтылған. Аталған жағдайды Air Astana компаниясының баспасөз қызметі ресми түрде растады.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, 18 желтоқсан күні Алматы–Бангкок бағыты бойынша KC931 рейсін орындаған әуе кемесі техникалық ақауға байланысты Делидегі әуежайға қонуға мәжбүр болған.
«Бортта 138 жолаушы болды. Ұшақ Алматыдан сағат 01:00-де ұшып шығып, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, штаттық режимде 05:51-де Делиге қонды.
Жолаушыларға тамақ берілді, уақытша визалар рәсімделді. Қазіргі уақытта әуе компаниясы оларды қонақ үйге орналастыру мәселесін шешіп жатыр. Сондай-ақ Бангкокқа ұшуды жалғастыру үшін резервтік ұшақ дайындалуда.
Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі — әуе компаниясының басты басымдығы», – делінген Air Astana баспасөз қызметінің агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.
