WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының айналасындағы даулы жағдайға нүкте қойылатын уақыт жақындады. Қазақстандық боксшының екінші допинг сынамасы (В үлгісі) 8 қаңтар күні ресми түрде ашылатын болды.
Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді. Аталған дата спортшының мансабы үшін шешуші кезең болмақ.
Бұл процедура не үшін маңызды?
Федерация басшысының айтуынша, В сынамасын ашу – спортшының құқығын қорғау мен процестің ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі қадам. Әлемдік тәжірибеде бұл сараптама алғашқы (А) сынаманың нәтижесін растау немесе теріске шығару қажет болғанда ғана жүргізіледі.
Процедура арнайы аккредитациядан өткен тәуелсіз зертханада өтеді. Ең бастысы, тексеріс кезінде спортшының өкілдері мен мүдделі тараптар қатыса алады. Бұл кез келген қателіктің алдын алып, нәтиженің әділ болуына кепілдік береді.
Допинг дауы және «Қазақ стилінің» болашағы
Еске сала кетейік, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен біріктіру жекпе-жегін өткізуі керек еді. Алайда, отандасымыз допинг-тестен өтпей қалып, жекпе-жек соңғы сәтте тоқтатылған болатын. Алғашқы тексеріс спортшының қанынан 2016 жылдан бері тыйым салынған «мельдоний» затын тапқан деген ақпарат тараған еді.
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы қазіргі уақытта «В» сынамасын ашу күнінің белгіленуі ереже бұзушылықты мойындау емес екенін қадап айтты. Бұл – халықаралық стандарттарға сай жасалатын міндетті қадам.
Федерацияның ұстанымы нақты: ресми қорытынды шықпайынша, қандай да бір болжам жасауға немесе спортшыны айыптауға болмайды. Қазіргі таңда қазақстандық тарап VADA ұйымынан бірінші сынама бойынша да толыққанды ресми жауап күтіп отыр.
Фото: Tengrinews.kz / Турар Казангапов
