Фото: © AP Photo/ Wally Santana
Әлемге әйгілі актер Джеки Чан мен «Доспехи Бога: Ультиматум» кинотуындысының режиссері Роберт Кун жаңа ауқымды фильмнің басты түсірілім орны ретінде Маңғыстау өңірін ресми түрде таңдады. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Жұмыс сапары барысында киножоба өкілдері аймақтың табиғи келбеті мен инфрақұрылымын зерделеп, түсірілімге лайық бірнеше ондаған локацияны аралап шыққан. Келіссөздер нәтижесінде ерекше ландшафттары, кең панорамалық көріністері және табиғи ерекшеліктері үшін дәл Маңғыстау «Доспехи Бога» фильмін түсіруге ең қолайлы өңір деп танылды.
Аңызға айналған франшизаның Маңғыстауда түсірілуі Қазақстан киносы үшін маңызды кезең саналады. Жобаның жүзеге асуы елдің халықаралық кино кеңістігіндегі беделін арттырып, өңірге инвестиция тартуға, сонымен қатар шығармашылық индустрия мен туризмді дамытуға серпін береді.
Бұған қоса, халықаралық деңгейдегі шығармашылық топтың қатысуы жергілікті мамандар үшін тәжірибе алмасуға, кадрларды тартуға және Маңғыстаудың табиғи әрі мәдени құндылықтарын жаһандық аудиторияға танытуға мүмкіндік ашады.
