Фото: Pixels
Батыс Қазақстан облысында мектеп директорына қатысты әкімшілік іс сотта қаралды. Теректі аудандық соты Магистраль орта мектебінің директоры Гауһар Оразованың мас күйде көлік басқарғанын анықтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 4 желтоқсан күні кешкі сағат 18:50 шамасында Теректі ауданына қарасты Құмақсай ауылында болған. Hyundai Elantra автокөлігін басқарған мектеп басшысы алкогольдік масаң күйде ұсталған.
Сот отырысы барысында Гауһар Оразова өз кінәсін мойындап, қымыз ішкенін, алайда оның алкогольдік әсері болатынын білмегенін айтты. Медициналық тексеру нәтижесі оның жеңіл деңгейдегі масаң күйде болғанын көрсеткен. Ол әкімшілік хаттамамен келісетінін де мәлімдеді.
Нәтижесінде сот ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес шешім шығарып, Гауһар Оразованы 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Сонымен қатар, оның кәмелетке толмаған балалары бар екені ескеріліп, әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылған жоқ.
Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енбеген.
Ал Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі аталған мектеп директорына қызметтік тәртіп бұзғаны үшін сөгіс жарияланғанын хабарлады.
