Фото: https://www.instagram.com/dequiine
Dequine лақап атымен танымал қазақстандық әнші Данеля Садықова “TheЭфир” бағдарламасына берген сұхбатында қазақ тілін қалай меңгергенін баяндады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, ол оқыған оқу орнында барлығы дерлік қазақша сөйлеген. Осы себепті ана тілін үйренуге мәжбүр болғанын жасырмады.
«Мен Қазақ-түрік лицейінде білім алдым. Ол жерге барған кезде қазақ тілін мүлде білмедім, тек шамалап түсінетінмін, бірақ сөйлей алмадым. Әкімшілік пен ұстаздар менімен тек қазақша сөйлесті. Сондықтан тілді үйренуден басқа амал қалмады. Ақырында бір жолын тауып, меңгеріп алдым. Дегенмен, таңдау берілсе, қазақша сөйлеспеген болар едім. Маған орыс тілінде қарым-қатынас жасау әлдеқайда жеңіл», – деді ол.
Сондай-ақ өнер иесі басқа бір бағдарламада әріптесінің «Қазақша түсінесің бе?» деген сұрағына: «Мен Қазақ-түрік лицейінде оқыдым, қазақ тілін түсінуге тура келді» деп жауап берген.
Әншінің бұл сөздері желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік Threads әлеуметтік желісінде өз пікірін білдіріп, жазбалар жариялап жатыр.
