Алматыда аналарды сәбиін сатуға итермелеген қылмыстық топ қолға түсті

Фото: freepik.com

Алматыда жаңа туған сәбилерді сату ісіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік осал азаматтарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды да қамтыған адам саудасына қатысты күрделі схемаларды анықтағанын мәлімдеді. «STOP-трафик» жедел алдын алу іс-шарасы барысында адам саудасына қатысты 39 құқықбұзушылық тіркелген, оның алтауы кәмелетке толмағандарға қатысты болған.

Алматыда жаңа туған нәрестелерді саудалауға қатысы бар топтың әрекеті әшкереленді.

«Қылмысты ұйымдастырушылар қиын жағдайда қалған жас аналарды материалдық сыйақыға қызықтырып, сәбилерін бөгде адамдарға беруге көндірген. Барлық қатысушылар ұсталды. Қазір 20-дан астам қылмыстық іс тергелуде. Күдіктілер мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – делінген ресми хабарламада.

Абай облысында азаматтарды мәжбүрлі еңбекке жегу дерегі анықталып, 11 қылмыстық іс қозғалды. Материалдар сотқа жіберіліп жатыр. Түнгі ойын-сауық орындарын тексеру барысында Шымкент, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында азаматтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды қанау фактілері тоқтатылды.

Астанада да полиция мен прокуратура теміржол вокзалы маңында рейдтер өткізіп, сексуалдық мақсатта пайдалануға арналған притондарды ұйымдастырған сегіз адамның үстінен қылмыстық іс қозғады.

Ақмола облысында еркін жыныстық қатынасты және отбасы құндылықтарынан бас тартуды насихаттайтын «рухани орталық» түріндегі діни топтың әрекеті тоқтатылды. Тінту кезінде әдебиеттер, ритуалдық заттар тәркіленіп, тиісті сараптамалар тағайындалды.

Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында «элиталық эскорт» ұйымдастырушылары анықталып, олардың түнгі клубтарға жас қыздарды тартып, жеңгетайлық жасағаны белгілі болды. Қылмыстық істер сотқа жолданған.

Алматы мен Астанадағы түнгі мекемелерде де профилактикалық рейдтер жүргізіліп, оның негізгі мақсаты — азаматтарды қылмыстық қанауға түсіру қаупінің алдын алу, жастарды құқыққа қайшы әрекеттерден қорғау және қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайту болды. Мұндай кешенді алдын алу жұмыстары жалғасатын болады.

Яндекс.Метрика