Енді зейнетақы жинағына пластикалық операция жасауға болмайды 

Фото: mamadeti.ru

Пластикалық операцияларға арналған өтінімдердің күрт көбеюі — 130 есеге дейін артуы — enpf-otbasy.kz платформасында бұл бағыт бойынша БЗҚ қаражатын пайдалану өтінімдерін тоқтатуға әкелді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Стоматология мен офтальмология қызметтеріне зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі шектелген соң, қолданушылар реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) оталар бағытына жаппай өтініш бере бастады. Әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды түзету мен туа біткен ақауларды коррекциялауға сұраныс артқан.

Отбасы банкінің мәліметінше, бұған дейін пластикалық операцияларға ай сайын орташа есеппен 16 шақты өтініш түсетін. Алайда қыркүйекте стоматология бағыты жабылған кезде бұл көрсеткіш 123-ке жетті, қазанда – 1 844-ке, қарашада – 3 878-ге дейін көтерілді.

Офтальмология бойынша өтінім қабылдау тоқтатылған желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде пластикалық операцияға БЗҚ қаражатын пайдалану үшін 2 093 өтініш тіркелді. Бұл бұрынғы айлық нормадан 130 есе көп. Желтоқсан айындағы өтініштердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрады.

Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, мұндай күрт өсім БЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол ашуы мүмкін деген қауіп тудырған.

«Зейнетақы жинақтарының дұрыс әрі мақсатты жұмсалуын қадағалау – біздің негізгі міндетіміз. Белгілі бір азаматтардың делдалдар арқылы қаражатты заңсыз шешіп алу қаупін көрген соң, біз бұл бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. БЖЗҚ қаржысы – халықтың болашақ зейнетақысы. Сондықтан оның заңсыз айналымға түсуіне жол бермейміз», – деді ол.

Осыған байланысты реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларына БЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтінім қабылдау 2025 жылғы 12 желтоқсаннан бастап тоқтатылады.

Қазіргі уақытта бұл бағытта 6 294 өтініш қаралу үстінде, олардың барлығы қолданыстағы тәртіп бойынша өңделеді.

Сонымен қатар азаматтар сирек кездесетін (орфандық) ауруларды емдеу, радионуклидтік және радиойод терапиясы, радиохирургия, протондық терапия сияқты күрделі және қымбат медициналық қызметтерге БЗҚ қаражатын пайдалануды жалғастыра алады.

Бұған қоса, зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, ипотеканы өтеуге немесе Отбасы банкіндегі депозитті толықтыру арқылы баспана алуға бағыттау мүмкіндігі сақталып отыр.

Яндекс.Метрика