Салтанат Нүкенованың 40 күндігіне 1,5 млн теңге бердік — Бишімбаевтың әкесі

Фото: instagram.com/aitym

Астана қаласында Қуандық Бишімбаевтың туысы Бекзат Кемеловаға қатысты алаяқтық дерегі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот отырысында Уәлихан Бишімбаевтан жауап алынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Бишімбаевтың әкесі марқұм Салтанат Нүкенованың туыстарына берілген қаржының мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, күдіктінің күйеуі Қайрат Кемелов Салтанаттың 40 күндік асына 1,5 миллион теңге тапсырған.

«Ол күні туыстар делегация болып бардық. Алдымен кешірім сұрау үшін, сондай-ақ басқа да мәселелерді талқылау мақсатында жиналдық. 1,5 миллион теңге Қайраттың қолында болды. Ол ақшаны Салтанаттың әкесіне берді. Бұл қаржыны жұбайым Қайратқа 40 күндік асына деп берген. Қайрат оны қалтасынан шығарып, тапсырды», – деді Уәлихан Бишімбаев.

Оның сөзінше, Қайрат Кемелов Нүкеновтермен жақын араласып жүргендіктен, делдалдық міндетті өз мойнына алған. Ал Бишімбаевтар әулетінің өзге мүшелері Нүкеновтермен байланыс орнатпаған.

Сондай-ақ Уәлихан Бишімбаев жаназадан кейін Қайрат Кемелов Салтанат Нүкенованың ата-анасын мейрамханаға шақырғанын айтты. Бұл кездесуге Бишімбаевтар отбасы да қатысқан.

«Ешқандай мәселе талқыланған жоқ. Бұл – жай ғана туыстардың кездесуі болды», – деді ол.

Уәлихан Бишімбаев өзіне немесе жұбайына қатысты ұлдары үшін қосымша сот-медициналық сараптама талап етіп, қандай да бір анықтама алуға өтініш жасағаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды.

Айта кетейік, қорғау тарапы Уәлихан Бишімбаев пен Әлмира Нұрлыбекованың Қайрат Кемеловтен сот-медициналық сараптама нәтижесіне ықпал етуді және Қуандық Бишімбаевты «есі дұрыс емес» деп тануға көмектесуді сұрағанын алға тартқан болатын. Алайда Уәлихан Бишімбаев бұл мәліметті толықтай теріске шығарды.

Сонымен қатар ол ұлына анықтама алу үшін арнайы психиатриялық мекеме директорына шыққаны жөніндегі ақпаратты да «ойдан шығарылған сандырақ» деп атады.

«Менің інім бар болғаны “СК-Фармацияда” менеджер болып жұмыс істейді. Ондай жағдай ешқашан болған емес. Біз ондайды сұраған жоқпыз, тіпті ойымызда да болмаған», – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы туыстары Қайрат пен Бекзат Кемеловтерге қарсы сотқа жүгінген. Бишімбаевтың анасы Бекзат Кемелованы миллион долларға жуық алаяқтық жасады деп айыптаса, оның күйеуіне жала жапты деген талап қойған. Биыл мамыр айында Астанада Бишімбаевтың ата-анасы Қайрат Кемеловке қарсы «ар-намыс пен абыройды қорғау» ісі бойынша сотта жеңіске жеткен еді.

Яндекс.Метрика