Алматыда автобус жүргізушісі қамауға алынды

Фото: polisia.kz

Алматының Алмалы ауданында болған жол-көлік оқиғасынан кейін автобус жүргізушісі уақытша қамауға алынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Оқиға Төле би даңғылы мен Исаев көшесінің қиылысында тіркелген. Батыс бағытта келе жатқан қоғамдық көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 18 жастағы қызды қағып кеткен. Зардап шеккен бойжеткен дереу ауруханаға жеткізілді.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полиция жол қозғалысына қатысушылардың барлығын, әсіресе жолаушы тасымалдайтын жүргізушілерді сақ болуға шақырды.

– Жол үстінде телефонға алаңдау — жүргізуші үшін ең қауіпті әрекеттердің бірі. Әсіресе қоғамдық көлік тізгіндеген адам өте мұқият болуы тиіс. Өйткені оның жауапкершілігінде — адамдардың өмірі. Барлық жүргізушілерді ережені қатаң сақтап, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз, – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Яндекс.Метрика