Қостанай облысында тоғыз жылдан бері қаз бағып келе жатқан кәсіпкер Жанат Ғаббасов соңғы екі аптада құстарының көптеп өле бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол облыстық ветеринарлық инспекция мен әкімдікке бірнеше рет жүгінген. Алайда мамандар қойған пастереллёз диагнозы өтемақы төленетін аурулар қатарына кірмейтіндіктен, шығынды өтеу мәселесі шешілмей отыр, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Шаруашылық иесі нақты диагнозды анықтау үшін өз есебінен құс үлгілерін Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтына жіберген. Зертханалық талдау нәтижесінде құстардан жоғары қауіпті құс тұмауының H5N1 штаммы анықталған. Бірақ кәсіпкердің сөзінше, жергілікті ветеринарлық қызмет бұл тәуелсіз сараптаманы мойындаудан бас тартып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіп өкілдері мұндай жағдайлар бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсететінін, ал ауылдағы нақты проблемалардың қағаз жүзінде ғана “шешілетінін” айтып, алаңдаушылық білдіруде.
